Қазақстанда мал азығын дайындау 89%-ға орындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлерде мал азығын дайындау науқаны жалғасып жатыр. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдағы қысқы қорада ұстау кезеңіне қажетті барлық түрде 36,7 млн тонна жемшөп дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің 89%-ын құрайды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Қазіргі уақытта 25,9 млн тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 101,2%-ын құрайды. Сондай-ақ 2,3 млн тонна пішендеме (жоспардың 100,3%-ы), 2,9 млн тонна құрама жем (жоспардың 50,1%-ы), 1,8 млн тонна сүрлем және 3,7 млн тонна сабан дайындалды.
Қысқы қорада ұстау кезеңін оңтайлы өткізу және сақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы 201,3 мың тонна астық көлемінде жемдік қор қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл резерв ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп ресурстарымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
— Науқан еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. 2026–2027 жылдардағы қысқы қорада ұстау кезеңі басталғанға дейін 25,7 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жемшөп дайындау барысын қатаң бақылауда ұстап отыр. Жүргізіліп жатқан мониторинг пен резервтерді уақтылы қалыптастыру мал шаруашылығы субъектілерін қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы кезеңді ойдағыдай өткеруге бағытталған.
Айта кетейік, елімізде дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналды, 13,5 млн тонна астық бастырылды.