17:38, 08 Шілде 2016 | GMT +5
Қазақстанда мал қорымдарының басым бөлігі талапқа сай емес - Г.Исаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мал қорымдарының басым бөлігі талапқа сай емес. Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева осылай деп мәлімдеді.
«Мал қорымдарын салу, күтіп ұстау және жаңғыртумен әкімдіктер айналысуға міндетті. Бұл мақсаттарға жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Мәселен, есептеулерге қарағанда 2005 жылдан бері 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ағымдағы жылы облыстар бұл мақсаттарға 188 млн. теңге қарастырып отыр», - деді вице-миинстр.
Оның айтуынша, республикада 3298 мал қорымы бар.
«Толықтай алғанда, республикадағы мал қорымдарының 77 пайызы қарапайым құрылыстарға қойылатын талаптарға сай емес. Сондықтан әкімдіктер жергілікті бюджеттен жыл сайын қаржыны толық көлемде бөлуі және мал қорымдарын күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуі, сонымен бірге қарапайым мал қорымдарын жаңғыртуы қажет», - деді Г.Исаева.