Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің импорты төмендеп келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің импорты төмендеп келеді. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың жетекшілігімен өткен алқа отырысында Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов мәлім етті.

Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің импорты төмендеп келеді

«Жалпы соңғы уақытта елімізде мал шаруашылығы өнімдерінің импорт ауқымы төмендеп отыр, оның ішінде шеттен келетін құс етінің импорты 12 пайызға азайса, сырттан келетін сүт өнімі 3 пайызға кеміген. Бұдан бөлек, жалпылама алғанда агроқұрылымдарда мал басы мен құс санының арту көрсеткіші оң динамикаға ие. Айталық, мүйізді ірі қара мал басының өсімі 12 пайызды құрап, олар 1,8 миллион басқа жетті. Сонымен қатар, жылқы саны 12 пайызға, құс өсіру 0,1 пайызға жеткен», - деді Е.Ахметов.

Оның айтуынша, шаруа және фермер қожалықтарында соңғы екі жылда ірі қара мал басы 20 пайызға артса, соның ішінде мүйізді ірі қара саны 26 пайызға көбейген. Ал 2008-2009 жылдары бұл көрсеткіш тиісінше 6 және 5 пайызды құраған болатын. «Бүгінгі таңда агроқұрылымдардағы мүйізді ірі қара малдың үлесі жалпы еліміздегі мал басының 31 пайызын құраса, жеке қосалқы шаруашылықтарда олардың саны 69 пайызға жеткен», - дейді Е. Ахметов.