12:55, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанда мал шаруашылығын дамытып, етті экспортқа шығаруға мол мүмкіндік бар - А. Күрішбаев
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда мал шаруашылығын дамытып, өндірілетін етті экспортқа шығаруға мол мүмкіндік бар.

Бүгін Астанада өткен макроаймақтардың экономикалық мамандандырылуы мәселелері жөніндегі кеңестен кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақылбек Күрішбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгінгі кеңесте «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мал шаруашылығын дамыту жөнінде серпінді жобаны таныстырған болатын. А. Күрішбаев Қазақстан ішкі нарығын етпен толық қамтамасыз ете алатынын айта келе, «біз мал шаруашылығын дамыта отырып, ауыл шаруашылығын өркендетудегі әлеуметтік мәселелерді шеше аламыз. Мұндағы басты проблема біздің етімізді экспорттай алмайтынымызға тіреліп тұр. Неге? Себебі біздің ет экспортқа қажетті ветеринарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бізге мал бордақылайтын алаңдарды құру қажет», - деді. Оның пікірінше, Қазақстан мал шаруашылығы дамыған республика болғандықтан бұл саланы еліміздің солтүстік өңірлерінде заман талабына сай жетілдіруге болады. «Егер мал бордақылайтын алаңдарды құратын болсақ, біз өзіміздің етімізді экспортқа шығару мүмкіндігіне ие боламыз», - деп атап көрсетті министр. А. Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, Ресей жылына 1,5 млн. тонна етті Бразилиядан, Аргентинадан және басқа да алыс елдерден сатып алады. Егер Қазақстан Ресейге ет экспорттайтын деңгейге көтерілетін болса, онда мал шаруашылығы саласы қарқынды дами алады. Оның бірден бір жолы - мал бордақылайтын кешендер салу.