Қазақстанда мал шаруашылығының даму қарқыны төмен өңірлер аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Үкімет отырысында мал шаруашылығының даму қарқыны төмен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда мал шаруашылығының даму қарқыны төмен өңірлер аталды

«Мал шаруашылығында жалпы оң өсу қарқыны байқалғанымен, өсім 7 айдағы 4,1 пайыздан 8 айдың қорытындысы бойынша 3,9 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, Жамбыл облысы өндіріс 3,4 пайыздан 2,7-ге, Шығыс Қазақстан - 4 пайыздан 3,7-ге, Павлодар - 4,4 пайыздан 4,1-ге, Қостанай - 5,2 пайыздан 4,9-ға, Қызылорда - 2,7 пайыздан 2,4-ке, Қарағанды - 3,6 пайыздан 3,4-ке, Алматы облысы - 3,4 пайыздан 3,2-ге төмендеуіне жол беріп отыр», - деді Арман Евниев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, ет өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға ұлғайған. Алайда бұл осы жылдың 7 айында қалыптасқан көрсеткіштен төмен, болып отыр.

«Өсім қарқынына төмендеуіне Жамбыл (4 пайыздан 3-ке дейін), Шығыс Қазақстан (5,1 пайыздан 4,1-ге дейін) облыстары 1 пайызға, Қостанай 0,8 пайызға, Қарағанды, Павлодар және Қызылорда облыстары 0,4 пайызға жол беріп отыр», - дейді ол.

Арман Евниевтің айтуына қарағанда, аталмыш өңірлер сиыр етінің экспорты бойынша жоспарды да орындамаған. Атап айтқанда, ет экспорты бойынша жоспар Қарағанды облысында 7%-ға, Шығыс Қазақстанда 8%-ға, Қостанайда 16%-ға, Солтүстік Қазақстанда 17%-ға ғана орындалған.

«Бұл ет экспорты бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлердің жеткілікті түрде жұмыс істемегенін көрсетеді. Сонымен қатар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының аналық мал басын тұқымдық түрлендіруге қатысу үлесі тиісінше 11,6% және 13,7%-дан аспайды», - дейді Арман Евниев.

Фото: ontustik.gov.kz