Қазақстанда мамандандырылған соттарды құру басым міндетке айналды - ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы М. Әлімбеков

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміз экономикалық-капиталистік жүйе дамуына түскеннен кейін, азаматтық-процессуалдық істер саны күрт артты. Осыған орай қолданыстағы құқықтық саясат туралы тұжырымдамада және алдағы жылдарға арналған жаңа тұжырымдамада соттардың салалық мамандандырылуына үлкен мән берілді. Соның негізінде қазір бізде мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттар бар. Алматы мен Астана қалаларында ювеналды сот тәжірибесі қолданылуда. Келешекте арнайы заңның қабылдануымен мамандандырылған қылмыстық соттарды құру жоспарлануда. Сонымен қатар салықтық сот саласын жасақтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде», дейді ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы М. Әлімбеков.
Оның айтуынша, бұл жаңашылдықтар аталған экономикалық немесе салықтық істерді соттардың кәсіби түрде түсінуіне, сол арқылы сот шешімдерінің сапасын арттыруына жол ашады.
Дөңгелек үстелге Конституциялық кеңес мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Сот судьялары, заңгер ғалымдар және прокуратура қызметкерлері қатысты.
Отырыстың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясаты туралы тұжырымдамасының басты баптарын негізге ала отырып, Қазақстанның сот жүйесінің даму болашағын, қандай жолмен бағыт алатындығын талқылау болып табылады.
ҚР Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының міндетін атқарушы Ақылтай Қасымовтың атап көрсеткеніндей, бұл құжатта бүкіл мемлекеттік жүйенің, құқықтық саясаттың дамуы, мемлекеттік құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдардың рөлі мен маңызы көрсетілген. Оның айтуынша, тұжырымдама отандық құқықтық сот жүйесінде судьялардың санын арттыру арқылы емес, түсіп жатқан істердің көбейіп кетуіне әсер еткен жағдайларды тереңірек танып, одан шығудың жолын табу арқылы дамытуды көздейді.