Қазақстанда мәмлүк кезеңіндегі ислам мәдениетінің көрмесі өтеді
Айта кетерлігі, бүгін, 4 маусымда қазақстандық өнер шеберлерінің, әртістердің қатысуымен гала-концерт және Египеттегі Қазақстанның мәдениет күндеріне арналған қолданбалы өнер көрмесі өтеді.
Сондай-ақ Каир қаласы «CAIRO OPERA HOUSE» опера театрында Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылады. Салтанатты концертте өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындайды.
Бұдан басқа, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Қазақстан Республикасының «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі, «Satzhan Project», «Сұлу» және «Алашұлы» топтары қатысады.
Сонымен қатар, 4 маусым күні «CAIRO OPERA HOUSE» опера театрында қазақ халқының дәстүрі мен өнерінен сыр шертетін Қазақстанның «Сәндік-қолданбалы өнер» шеберлерінің көрмесі көрермен назарына ұсынылады.
Көрменің мақсаты - Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерін дәріптеу, ұлттық мұраны насихаттау.
Тараптардың осыған дейінгі кездесуінде Қазақстан мен Мысыр елінің ресми органдары арасында биылғы қарашада Үкіметаралық комиссияның VI отырысын өткізу жайы талқыланды.
Қазақстандағы Египеттің елшісі Манал Эльшиннави ханым бұған дейінгі кездесулерде ҚР Ұлттық музейінде мәмлүк кезеңіндегі ислам мәдениетінің көрмесін өткізу ниеті туралы мәлімдеген. Мысыр тарапы іс-шараны биыл ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бұл бастаманы іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Министр сондай ақ, биыл Байбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойы аясында бірқатар іс-шаралар халықаралық деңгейде өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жалпы мерейтой аясында 600-ге жуық іс-шара жоспарланған.
«Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндері-еліміздің мәдениет және өнер саласының қызметкерлері үшін өз таланттарын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ, елдеріміз арасындағы тікелей рейстер санын арттыру бойынша іс-шараларды пысықтауды ұсынамын. Қазақстанда Мысырдан келген қонақтарға, оның ішінде еліміздің туристік секторындағы инвестициялық жобалар бойынша ұсынатын дүниелер баршылық», - деді Мәдениет және спорт министрі.