Елімізде мәслихат сайлауы өтетін күн белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау мәселесін қарады.

мәслихат сайлауы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Жақында ғана Қазақстан Республикасының құрылтайының депутаттарын сайлау өткізілді. Енді мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу бойынша жаңа сайлау науқанына кірісеміз. Қазақстан Республикасы Президентінің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлығына сәйкес сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған тиісті жұмыстар басталады, — деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбідров.

Қазақстанда мәслихат сайлауы қашан өтеді
Фото: Kazinform

Сайлау туралы конституциялық заңның 101-бабының үшінші тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өкілеттіктердің мерзімі тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірмей өткізуі қажет.

— ҚР сайлау туралы заңның 12-бабының 14-тармақшасына, 101-бабының 3-тармағына, 103-бабының 7-тармағына, 104-бабының 8-тармағына сәйкес және Президенттің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығының негізінде Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасында мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы жобасын ұсынады, — деді ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Сайлау комиссиясы тиісті Қаулыны қабылдады. Мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлінісінің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайланады.

Алдағы сайлау шеңберінде 228 мәслихатта 3447 депутатты сайлау жоспарлануда. Атап айтқанда: 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық, 2053 мандат аудандық мандат бар.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Сондай-ақ Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады.