Қазақстанда медиация институтын енгізу көзделеді - Заң жобасы
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Медиация туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы бойынша елімізде медиация институтын енгізу көзделіп отыр.
Атап айтқанда, еліміздің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыру, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесін уақытылы қорғау және қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар қамтылған болатын. Оның ішінде, жеке құқықтық дау-шарлар тараптары арасындағы ымыраға қол жеткізудің сот және соттан тыс тәртіппен қолданылатын түрлі жолдары мен әдістерін белгілеуге бағытталуы мүмкін әрекеттер де көрініс тапқан еді. Осыған орай, заң жобасында медиация ұғымын анықтау, оның негізгі қағидаттарын, қолданылу аясын, медиация рәсімінің кепілдігін, медиаторлар қызметіне ақы төлеу және белгілеу мәселелері қарастырылады.
«Заң жобасы бойынша дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына беру көзделеді. Мүдделі азаматтар мен ұйымдарға дауларды сотқа жүгінбестен, сотқа дейінгі сатыда қарау барысында шешу іс-әрекеттерін бір жүйеге келтіру қамтылады. Соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаятындығы күтілуде. Бұдан бөлек, заң жобасының әлеуметтік бағыты да баршылық. Себебі, жергілікті қауымдастық деңгейінде пайда болған кейбір жанжалдарды медиация арқылы шешу мүмкіндігі көзделіп отыр», деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылды.