Қазақстанда медицина қызметкерлерін сақтандыру ережелері өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы бағыттағы бірнеше бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынып, құжатты қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

хирургия, врачи, медицина
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жаңа түзетулер ең алдымен ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге және сақтандыру рәсімдерін нақтылауға бағытталған. Министрлік әсіресе құжат айналымы кезінде қызметтік ақпараттың қорғалуына баса назар аударып отыр.

Жобаға сәйкес, арнайы мемлекеттік органдарға қарасты кейбір медициналық ұйымдар үшін сақтандыру шарттарын жасау, өзгерту және бұзу тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар, интернет-платформалар арқылы берілетін кейбір мәліметтерге қатысты қосымша шектеулер енгізу ұсынылған.

Одан бөлек, өзгерістер техникалық сипатта болады және халыққа медициналық көмек көрсету тәртібіне әсер етпейді.

– Түзетулер пациенттердің құқықтарына, медициналық қызмет алу шарттарына немесе азаматтарға түсетін жүктемеге ықпал етпейді. Негізгі мақсат – ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, сақтандыру жүйесінің жұмысын тиімді ету, - делінген құжатта.

Министрлік қазіргі таңда медициналық ұйымдардағы құжат айналымын цифрлық қауіпсіздік талаптарына сай жетілдіру маңызды екенін мәлімдеді. Осыған байланысты таралуы шектеулі ақпаратты қорғау бойынша қосымша шаралар енгізілмек.

Жоба «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Пошта туралы» заңдар негізінде әзірленген.

Құжат 11 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Егер өзгерістер қабылданса, бұл медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін тиімдірек реттеуге және қызметтік ақпараттың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін аталған министрлік «Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынғанын жазғанбыз.

Камила Тайтөлеу