Қазақстанда мекенжай анықтамасы нақты қашан жойылады
Елордада «Цифрлық күз» шарасында Әсемгүл Балташева Қазақстанда қазіргі таңда аптасына 6 күн қызмет ететін 348 халыққа қызмет көрсету орталығы барын атап өтті. Орталықтағы мамандардан ең көп сұралатын қызмет - мекенжай анықтамасы екені хабарланып отыр.
«1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасын алып тастаймыз. Біздің еліміздің азаматтары осыған дейін 10 млн рет осы анықтаманы алу үшін ХКО-ларға келген. Қазіргі уақытта аталмыш анықтаманы алудың қажеті жоқ. Себебі, біздің техникалық қызметкерлер өте ауқымды жұмысты атқарып, барлық жүйені үйлестірді», - деді Әсемгүл Балташева.
Яғни, 1 қарашадан бастап азаматтар мекенжайының қайда екенін egov.kz порталынан біле алады.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі Қазақстанда мекенжай анықтамасы жойылатынын бұған дейін хабарлаған болатын.
«Азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді беру ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі болып саналады. Жыл сайын халық құжаттарды, жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Азаматтар жұмысқа, мектептерге, балабақшаларға, емханаларға, банктерге және тағы басқа жерлерге орналасу кезінде үнемі ХҚКО-на, мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр болады, кезекте көп уақытын жоғалтады», - деп хабарлады ІІМ-нен.