Қазақстанда мектепке дейінгі білім балалардың барлығына қолжетімді емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектепке дейінгі білім алу құқығы - баланың басты құқықтарының бірі, алайда Қазақстандағы балалардың бестен бірі оған қол жеткізе алмай келеді. Бұл жайлы Сандж Зерттеу орталығының сарапшылары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстанда мектепке дейінгі білім балалардың барлығына қолжетімді емес

Орталықтың сарапшылары 2017 жылы «ҚР-да бала құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды тәуелсіз мониторингілеу және талдау» атты зерттеу жүргізді.

Шалғай ауылдарда ата-аналардың 59%-і балабақша жетіспеушілігін айтып шағымданады. Олардың сөзіне қарағанда, баласы бар үйдің материалдық жағдайы мектепке дейінгі білім мекемесіне баруына қатты әсер етеді. Ондай қызметке қолы жетпейтінін айтқан ата-аналардың 57%-інің материалдық жағдайы нашар.

Бұл жайтқа ата-аналар наразы. Олардың 40%-тен астамы баласының құқығы толық сақталмай жатқанын, ал кейбір ата-аналар мүлдем сақталмайтынын айтып шағымданады. Елді мекендердегі үйірмелер мен спорт секцияларының аздығынан балалардың теледидар мен интернетке тәуелді болуы ата-аналарды алаңдатып отыр. Балалар арасында сауалнама жүргізілгенде, олардың 37%-і түрлі үйірмелерге баратыны белгілі болды.

Зерттеу ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүргізілді.