Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілеріне арналған экологиялық оқу құралы әзірленуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлия Назарбаеваның «Жандану» экологиялық жобасы аясында Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілеріне арналған «Балалықтың мейірімді ғаламшары» атты экологиялық оқулық әзірленуде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жандану» экологиялық жобасы аясында 12 жылдық мектептерге арнап жарық көрген оқулықтың тұсаукесер рәсімінде жоба өкілі Мұрат Исаханов мәлім етті.
«Жандану» жобасы - жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс. Онда біз білім беру жүйесінің барлық сатыларын, мектепке дейінгі білім мен жоғары білімге дейін қамтимыз. Мектепке дейінгі жүйе үшін біздің жоба «Балалықтың мейірімді ғаламшары» атты оқу құралын әзірлеуде. Онда кішкентай бүлдіршіндер өздерінің ең алғашқы талын егуді үйреніп, өмірді жарқын ете түсуге үйренетін болады», - деді М.Исаханов.
Оның айтуынша, «Жандану» жобасы орта және жоғары сынып оқушылары үшін экологиялық тәрбие беретін оқу құралдарын жасап қойған. «Орта және жоғары сынып оқушылары үшін біз екі жыл бойы «Экологиялық мәдениет» курсын әзірледік. Біз оны Ақтау, Павлодар, Алматы және Қарағанды қалаларында апробацияладық. Біздің еліміздегі түрлі облыстарды алу себебіміз, әр жердің табиғатқа деген көзқарастарын саластыру болды. Осы тұста біз факультативтік курстың апробациясын сәтті аяқтадық. Қазір ол Алматыдағы 48 мектеп-лицейдің базасында жүзеге асырылып жатыр. Бүгіннен бастап Астана қаласының білім басқармасы мен мектептері біздің курсымызды өздерінің жосарларына енгізеді деп үміттенеміз», - деді М. Исаханов.
Айта кетейік, «Жандану» жобасы сонымен қатар экологиялық мәдениет бойынша жоғары оқу орындарына арналған лекциялар курсын да әзірлеген. Ол биыл сәуір айында Алматыда өткен жастар форумында таныстырылған болатын.