Қазақстанда мектепке дейінгі және орта білім жүйесі жетілдірілуде
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - «Балапан» бағдарламасының аясында 2011 жылы мектепке дейінгі мекемелер желісі 1650 бірлікке артты (487 балабақша, 1163 шағын орталық),
деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінен Pm.kz сайтына.
Сондай-ақ жекеменшік балабақшалар желісі 152 бірліке немесе 43,8 пайызға ұлғайып, 2012 жылы олардың саны 499 бірлікті құрады. Қазіргі таңда республикада мектепке дейінгі 8096 мекеме жұмыс істейді (оның ішінде, 2748 балабақша, 5348 шағын орталық) және олар 587,8 мың баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отыр.
Оған қоса, республикада жалпы білім беретін 7696 мектеп жұмыс істейді және оларда 286 370 педагог еңбек етеді. Сондай-ақ Астана, Семей, Көкшетау, Талдықорған, Өскемен қалаларында 6 Зияткерлік мектеп жұмыс істейді.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 12 жылдық оқу жүйесіне ауысу үшін қазір елімізде әзірлік жұмыстары қолға алынған. Республиканың 104 мектебінде, оның ішінде 45 ауылдық, 59 қалалық мектепте 12 жылдық білім жүйесіне ауысу жөніндегі тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.
Елімізде педагог мамандығын, үздік мұғалімдердің тәжірибелері мен жетістіктерін кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2011 жылы математика мұғалімдерінің І съезі, информатика мұғалімдерінің «Алтын диск» конкурсы, «Дарынды мұғалім - дарынды балаларға» VI республикалық олимпиадасы, «Отбасы, мектеп, қоғам - болашақтың игілігі үшін» республикалық педагогикалық форумы, т.б. шаралар өтті. Және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жандарынан Педагогикалық шеберлік орталықтары, сондай-ақ Педагогтардың біліктіліктерін жетілдірудің ұлттық орталықтары сияқты жаңа құрылымдар ашылып отыр,- делінген ведомство ақпаратында.
Елімізде сондай-ақ дарынды балаларға арналған 115 білім ошағы бар. 2011 жылы Қазақстанның оқушылары халықаралық олимпиадалар мен жарыстардан 933 медаль олжалап қайтты, олардың ішінде 253 алтын, 332 күміс, 348 қола жүлде, 45 грамота бар.