Қазақстанда мемқызметшілер әлеуметтік желідегі аккаунттары жөнінде есеп беруге міндеттеледі ме
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда да Ресейдегідей мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілердегі аккаунттары жөніндегі есеп беру міндеттеле ме?
Бұл сауалға бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ондай заңды біз қарастырып жатқан жоқпыз. Қауіпсіздік және басқа мақсатта да онда заң қазір бізде жоқ. Ондай мәселені көтерген емеспіз. Менің жеке ойымша, қазіргі ақпарат заманында ондай шараға бару керек пе, керек емес пе, тиімділігі, пайдасы бола ма дегеннің өзі үлкен мәселе ғой», - деді Әшімбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, бүгін ҚазАқпарат «Известия» газетіне сілтеме жасай отырып, ресейлік шенеуніктер жұмыс берушілерге әлеуметтік желілердегі өздерінің аккаунттары, блогтары мен форумдары жөнінде айтып отыруға міндеттелетіндігін хабарлаған болатын.
«Мемлекеттік азаматтық қызмет лауазымдарына орналасуға үмітті Ресей азаматтарының интернет желісіндегі сайттардың мекен жайлары немесе сайттардың парақшалары туралы мәліметтерді ұсынып отыру міндеттері айқындалуда», - деп келтірген еді Еңбек министрлігі өкілінің сөздерін «Известия» басылымы.