Қазақстанда мемлекеттік кірістер органы қызметкерлеріне сыныптық шендер енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік кірістер органы қызметкерлеріне сыныптық шендер енгізу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда мемлекеттік кірістер органы қызметкерлеріне сыныптық шендер енгізілмек

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерінің еңбекақысының төмен болуына, әлеуметтік қорғалмауына және жоғары жауапкершілікке байланысты сыбайлас жемқорлыққа ұшырау қаупі бар екенін атап өтті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай жағдай тәжірибелі қызметкерлердің кетуінің жиілеуіне және алған білімдері мен дағдыларын басқа жерлерде қолдануына әкеледі.

«Осыған байланысты базалық жалақыға үстемақының қосылуын және бірыңғай нысанды киім-кешекті енгізе отырып, сыныптық шендерді енгізу ұсынылады. Аталған шаралар кадрлардың жоғары біліктілігі мен сабақтастықты сақтауға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ерұлан Жамаубаев.