Қазақстанда мемлекеттік қызмет жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама әзірленетін болады

Құжаттың мақсаты - мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру, атап айтқанда ұғымдық ақпаратты толықтырып, заңнама деңгейінде мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартудың негіздерін біріздендіру болып табылады.
Конституцияға сәйкес, адамның және азаматтардың құқы мен бостандығы тек заң арқылы ғана шектеледі. Соның өзінде де бұл шектеулер конституциялық құрылымды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, басқа адамдардың құқы мен бостандығын, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында заңдық негізде ғана қарастырылады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметтер туралы» қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздемелер Қазақстанның заңдарымен белгіленеді. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсетуші қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда бұл жайында қызмет алушыға бас тарту себептерін көрсете отырып, жауап жолдайтын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға қатысты бірыңғай негіздемелер тізімі бекітіледі.
«Заң жобасына сәйкес, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның кейбір олқылықтары жойылады. Сонымен қатар, еліміздегі мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама әзәрлеу талабы белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің құзыретіне қатысты түзетулер қамтылып отыр», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов.