Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесі жетілдіріледі - Жолдау
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру жөніндегі міндет қойды.
Атап айтқанда, жаңа басқарушы элитаның негізін құрайтын білікті саяси тапты дайындау міндеті қойылды, - деп мәлім етті Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында, деп хабарлайды pm.kz сайты.
«ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды. Біздің маңызды міндетіміз - басқарушылардың білікті саяси табын дайындау. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін Президенттік кадр жасағына кандидатуралар жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын», деді ел Президенті өз Жолдауында.
Арнаулы комиссия кандидатураларды білімі мен кәсібилігі, жоғары моральдық сипаты, бастамашылдығы мен тапсырылған учаскедегі жұмысының табыстылығы өлшемдері бойынша іріктейді. Олар елдің экономикалық даму серпінділігіне байластырылған, бизнес-құрылымдармен қарайлас жалақы алатын болады. Олар Қазақстанды ХХІ ғасырда лайықты түрде алға апаруға тиісті жаңа басқарушы элитаның негізін құрайтын болады.