Қазақстанда мемлекеттік қызметке келушілер саны жыл санап артуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдарда жұмыс істеушілердің саны артып, меритократия қағидалары қатаң сақталатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов баспасөз мәслихатында айтты.
«Биыл мемлекеттік қызметке қабылданғандар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36% артқан. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің меритократия қағидаттарын сақтау динамикасы да оң өзгеріс көрсетуде. Үстіміздегі жылы 2694 мемлекеттік қызметші қызмет бабымен өскен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 63%-ке артық», -деді Жарқын Тілеукенов.
Мемлекеттік қызметке ашық конкурс түрінде, іріктеу арқылы қабылданғандар саны 42% артты. Тұрақты бос жұмыс орындарының саны 10% төмендесе, жергілікті жерлерде жұмыстан кету көрсеткіші 5\1 құрайды.
Сонымен қатар, департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде шетелде білім алғандардың саны мен көрсеткіші артқан.
«Биыл шетелдік білімі бар 981 қызметкер бар, бұл өткен жылға қарағанда 19% артық»,- деп атап өтті Жарқын Тілеукенов.