20:40, 27 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің орнына сынақ тест тапсырып келген қылмыстық топ әшкереленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметке орналасу кезінде жалған жеке куәліктерді жасап, біреудің орнына адамдар қою арқылы тестілеуден өту қызметтерін көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық топты анықтап, әшкереледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.

14 адамнан құрылған бұл топтың Қазақстан Республикасының түрлі қалаларында тестілеуден өтіп, көрсеткен қызметтері үшін 4 мыңнан 5 мыңға дейін АҚШ доллары көлемінде заңсыз ақшалай сыйақы алғаны анықталған.
Жалпы алғанда ұйымдасқан топ 2014 жылдың тамыз айынан 2015 жылдың қыркүйегіне дейін мемлекеттік қызметкер мен мемлекеттік қызметке кандидат болған 120 адамның орнына сынақтан өтіп, сертификаттар алған.
Қазіргі уақытта ұйымдасқан топтың басшылары мен барлық мүшелері анықталды. Сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.