14:10, 25 Мамыр 2016 | GMT +5
Қазақстанда мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін адамдардың саны артты - Т.Донақов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін адамдардың саны артты. Бұл туралы бүгін Қоғамдық кеңес отырысының барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов мәлімдеді.

«Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің қызметі басталған кезден бері мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу тартымдылығы өсті. Бір бос жұмыс орнына келгісі келетін адамдардың саны айтарлықтай өскен. Бірқатар мемлекеттік органдарда 2015 жылмен салыстырғанда 5 есеге дейін. Адамдардың мемлекеттік қызметтен кету деңгейі 2 есе қысқарған», - деп атап өтті Т.Донақов.
Отырыс барысында ведомство жұмысының қорытындылары шығарылып, алдағы болашаққа жоспарлар белгіленді.
Қоғамдық кеңестің жұмысына Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің құрылымдық бөлімшелері - Мемлекеттік басқару академиясының басшылары қатысты. Қоғамдық ұйымдар, ғылыми-зерттеу және үкіметтік емес мекемелердің өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері шақырылды.