Қазақстанда мемлекеттік органдарға жастар саясатын жүзеге асыруды міндеттейтін уәкіл лауазымы енгізілуі мүмкін

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Мемлекеттік жастар саясатын қамтыған заң жобасы Елбасы саясатына ұзақмерзімді сипат беруге бағытталады.

Қазақстанда мемлекеттік органдарға жастар саясатын жүзеге асыруды міндеттейтін уәкіл лауазымы енгізілуі мүмкін

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының  таныстырылымы барысында Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков осылай мәлім етті.

«Ағымдағы жылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауында жастар саясатының бірқатар бағыттары қамтылды. Атап айтқанда, жастар кәсіпкерлігі, қолжетімді және сапалы білім, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі, баспана мәселесі, оқушы жастарға жолақы жеңілдіктерін қарастыру, жастарды еңбекпен қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттар ретінде қаралып, бұлардың алдыңғы кезекте орындалуы тиістігі белгіленді. Осыған орай, заң жобасының міндеті - Елбасының жастар саясатына ұзақмерзімді сипат беру үшін заңнамалық негіз жасау», - деді министрдің орынбасары.

Жалпы алғанда заң жобасында еркін уақытты қамтамасыз ете отырып, жастардың қарым-қатынас орталықтарын (ресурсты орталықтар, әлеуметтік қызметтер) құру арқылы жастардың азаматтық жауапкершілігі мен патриотизмін дамытудың кешенді шаралары көзделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға нақты жастар саясатын жүзеге асыруды міндеттейтін уәкілдікті енгізу қарастырылады.