Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар әлдеқайда жеңілдетіледі

Оның айтуынша, Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң жобасында байқау мен аукционның жүйесін жеңілдету бойынша талаптар қарастырылып отыр.
«Байқауға қатысу туралы өтініш пен баға ұсынысы бірге тапсырылады. Ол байқаудың уақыты мен кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тапсырыс берушінің өзінің қызметін асыра пайдалануы шектеледі. Аукцион қазіргідей 3 кезеңнен емес, 2 кезең бойынша өтетін болады. Бірінші кезеңде аукционға қатыстыру туралы шешім жасалса, екінші кезеңде аукционның өзі өтеді. Ең аз баға ұсынған жеткізуші жеңімпаз деп танылады», - деп атап өтті ол.
Вице-министрдің айтуынша, өзін-өзі танытқан, мемлекеттің сенімді серіктестері байқауда құжат тапсырып әлек болмайды. Бірден өтініш тастап, байқаудың екінші кезеңіне өте алады.
«Сенімді компаниялар бар, байқаудан байқауға сол бір құжаттарды тапсыра береді. Бізде белгілі бір кәсіпорындардың пулы қалыптасты. Олар өзін өзі көрсеткен, сенімді мемлекеттік серіктестер. Бірінші кезеңде біз сондай сенімді, білікті компаниялардың тізімі арқылы жұмыс жасаймыз. Оларға әрдайым құжат тапсырып отыру қажет емес. Екінші кезеңде тек байқау үдерістеріне қатысты шаралар өтеді», - дейді Р.Бекетаев.
«Инвестицияларды тарту және жоғары технологиялы өнімдер өндірісін ынталандыру мақсатында біз үш жылға дейінгі ұзақмерзімді келісімшарттарды жасау мүмкіндігін береміз», - деп түйіндеді вице-министр.