Қазақстанда мемлекеттік- жекешелік әріптестікте қанша жоба қамтылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев мемлекеттік- жекешелік әріптестік саласында қанша жоба іске асырылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда мемлекеттік- жекешелік әріптестікте қанша жоба қамтылған

«1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестікте 565 жоба бекітілді. Оның сомасы 1,2 трлн теңгеге жетті. Соның 9-ы республикалық жоба болса, қалған 556-сы өңірлерге тиесілі», - деді М. Такиев.

Осы орайда жобалардың көбісі білім беру (276 жоба), денсаулық сақтау (114), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (65), мәдениет және спорт (49) салаларында қамтылған.

«Білім беру саласында негізінен балабақшалар ескерілген. Сонымен қатар, бізде студенттер үшін жатақханалардың құрылысы жоспарланған. Бұл тұрғыда Қарағанды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жобалар бар», - деді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласына қатысты тапсырмалар берді.