Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті күшейту жолдары ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздегі мемлекеттік-жекешелік әріптестікті күшейтудің жолдарын атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті күшейту жолдары ұсынылды

«Жалпы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуда оң серпінді атап өткіміз келеді. Сонымен қатар, осы бағыттағы тиімділікті арттыру үшін мына жолдарды ұсынамыз. Алдымен, орталық және жергілікті атқарушы органдар рәсімдерді жеңілдету бойынша жаңалықтарды ескере отырып, бастамашылық жасалған барлық жобаларды конкурс сатысына дейін жеткізу қажет. Сондай-ақ, МЖӘ жобаларын сапалы түрде іске асыру үшін жасалған шарттар бойынша қабылданған міндеттемелердің тұрақты мониторингін және толық орындалуын қамтамасыз ету керек», - деді министр.

Тимур Сүлейменовтың айтуына қарағанда, 2017 жылы жасалған 160 шарттың 41 жобасы министрлік бекіткен 10 үлгілік құжаттаманы пайдалана отырып әзірленген.

«Қазіргі танда салалық мемлекеттік органдарға Ұлттық экономика министрлігімен келісе отырып, жетекшілік ететін салалары бойынша үлгілік құжаттамаларды әзірлеу құзыреті берілді. Осыған орай, салалық мемлекеттік органдарға өңірлердің осы жобаларға деген ағымдағы сұранысын ескере отырып, үлгілік құжаттамаларды әзірлеуді бастау қажет», - деді ол.

Министр МЖӘ бағытын дамыту үшін сондай-ақ, шарттарды түгендеуді толық аяқтау және өңірлердің міндеттемелерді қабылдауын бақылау үшін Қаржы министрлігіне 2017 жылдың 10 маусымына дейін жасалған МЖӘ шарттарын тіркеу жүргізуді ұсынды.