Қазақстанда мемлекеттің лауазымды қызметтерінен үмітті әйелдер қарасы көп
«Ағымдағы жыл ел есінде ерекше қалары белгілі. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық, саяси және рухани жаңғыру бағыттарында үлкен реформаларды бастап берді. Сонымен қатар мемлекетімізде үлкен іс-шара - ол ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Бұл көрме аясында «Әйелдер болашақ энергияны қолдайды» атты үлкен форум болды. Оған барлық комиссия мүшелері қатысты. Сол форумға қатысу үшін 25 елден 300-ден астам әйел келді. Шараға атсалысқан сіздерге алғысымды білдіргім келеді», - деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі әйелдер қауымын «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасының 6 бағытын ілгерілету үшін барынша күш жұмылдыруға шақырды.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасындағы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстар туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпараты тыңдалды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті жаңғырту және мансап тұрғысынан ілгерілету барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету туралы мәселе де қаралды.
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің арасында әйелдердің үлесі 55,5 пайызды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 0,5 пайызға артқан. Жалпы өткен жылы «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымдарды иеленуге арналған конкурстарға 43476 кандидат қатысса, соның 20862-сін әйелдер құраған. Конкурс нәтижесінде тағайындалған қызметкерлердің 48,5 пайызын әйелдер құрады.
Жиын соңында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.