Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді конкурссыз ауыстыру тәртібі өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді конкурс өткізбей бір лауазымнан екіншісіне ауыстыру тәртібі өзгерді. Президент 17 қазанда тиісті жарлыққа қол қойды.
Жаңа өзгерістер «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Құжатта оларды бос немесе уақытша бос тұрған лауазымдарға конкурссыз тағайындауға болатын жағдайлар нақтыланған.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда бұрыннан қарастырылған жағдайлардан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді мынадай тәртіппен ауыстыруға болады:
1. Президент Әкімшілігіне, Қауіпсіздік Кеңесінің, Құрылтайдың, Үкіметтің аппараттарына, Президент Іс басқармасына және Қазақстан Халық Кеңесінің хатшылығына конкурссыз ауыстыруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ осы мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер басқа мемлекеттік органдарға конкурссыз ауыса алады. Бұл тәртіп «Б» корпусындағы лауазымдарға қатысты.
2. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың қызметкерлері өз мекемесінің ішінде бір лауазымнан екіншісіне конкурссыз ауыса алады.
3. Саяси мемлекеттік қызметшілер мен «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер «Б» корпусындағы лауазымдарға конкурссыз тағайындала алады.
4. «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер де бір лауазымнан екіншісіне конкурссыз ауыса алады. Бірақ ол үшін қазіргі қызметінде кемінде бір жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ қатарынан төрт тоқсан бойы жұмысы «функционалдық міндеттерін тиімді орындайды» деп бағалануы тиіс.
5. Егер уақытша бос тұрған лауазымның негізгі қызметкері жұмысқа қайта оралса, оның орнында жүрген «Б» корпусының мемлекеттік қызметшісін сол мекемедегі төменгі лауазымға конкурссыз ауыстыруға болады.
Дегенмен конкурссыз ауысу үшін мемлекеттік қызметші жаңа лауазымның біліктілік талаптарына сай болуы қажет. Бұған қоса, соңғы алты айда мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеті немесе қызметтік әдепті бұзғаны үшін тәртіптік жазасы болмауы тиіс.
Жарлық 17 қазаннан бастап күшіне енді.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі 30 пайызға дейін төмендейтіні хабарланды.