Мемлекеттік органдарға үш жылға әкімшілік ғимараттар салуға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдардың шығысын қысқарту жоспары туралы түсінік берді.

Оның айтуынша, Президент Әкімшілігі басшысының жетекшілігімен тиісті жұмыс тобы құрылып, түрлі салалардағы мемлекеттің шығындарын оңтайландыру іс-шаралары атқарылып жатыр. Серік Жұманғарин бюджет саласында шығысты оңтайландырумен айналысатын кіші топты басқарып отыр.
— Біз бірқатар ұсынысты дайындадық. Жақын арада оларды келісіп, іске асыруды бастаймыз. Біріншіден, біз ведомстволық бағынысты ұйымдарды қысқартамыз, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың санын көбейтуге, жаңа құрылыстарға, ғимараттарға және басқа да бастамаларға мораторий енгіземіз. Қазір осы жұмыстар істеліп жатыр, — деді Серік Жұманғарин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, үш жылға әкімшілік ғимараттарды салуға мораторий енгізу ұсынылды. Дегенмен, ерекше жағдайлар ескерілген.
— Мәселен, Қонаевта ғимараттар салынып жатыр. Себебі жаңа нысандар керек. Бұл тұрғыда осы құрылыстарды жалғастырамыз. Бастаған ғимараттарды бітіруіміз керек, өйткені жобалардың құны алдағы уақытқа өсуі мүмкін, — деді Серік Жұманғарин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылға арналған жергілікті бюджет шығыстары 19,3 трлн теңгеге жетті.