Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы басталды

АСТАНА.KAZINFORM - Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

отбасы
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Байқау адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған.
Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар қатыса алады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 15 мамырдан 15 маусымға дейін өңірлік комиссияларда қабылданады.

Байқау екі кезеңде өтеді:
1. Аудандық (қалалық) кезең (15 маусымнан 30 маусымға дейін).
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен елорда) кезең (30 маусымнан 15 шілдеге дейін).

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы Қазақстанның барлық өңірінен үздік деп танылған 20 отбасына беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді.

Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Биыл қатысуға ниет білдіргендер өз өтінімдерін өңірлік комиссияларға жібере алады.

Қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік мерекелерді отбасымен бірге атап өтеді. Мұндай деректі Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткенін жазған едік.