Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлаулар болмайды - Қ.Тұрғанқұлов
АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлаулар болмайды. Бұл туралы бүгін Еуропалық Парламенттің социал-демократтар делегациясымен кездесуі барысында журналистерге берген сұхбатында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Қ.Тұрғанқұлов атап көрсеткендей, қазір жүріп жатқан қауесеттерге қарамастан, Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлаулар болмайды. «Біз электоралдық науқандарды өткізуге тек Конституцияға және Конституцияда көрсетілген мерзімдерге бағдар жасаймыз, олар - 2011 және 2012 жылдар», - деді ол.
Сондай-ақ ол, 2012 жылы өтуі тиіс ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының, сондай-ақ ҚР Президентінің сайлау мерзімдері біріктірілмейтіндігін атап өтті. Себебі, оларды бір жылда өткізуге Қазақстанның заңнамасы кедергі келтірмейді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сонымен бірге, 2012 жылғы сайлауларға, оның ішінде Президенттік сайлауға арналған қандай да бір шаралар әлі басталмағандығын атап өтті. Ал президенттікке үміткер кандидаттарды тіркеу, тиісті органдармен сайлау уақыты белгіленгеннен кейін жүргізіле бастайды. Қазір ОСК тек сайлаушылардың тізімін жасақтаумен, барлық сайлау комиссиялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етумен, сайлаушылар мен сайлау комиссиялары мүшелеріне Сайлау заңнамаларын түсіндірумен айналысуда.
Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, алдағы уақытта «Сайлау туралы» ҚР Заңына кейбір өзгерістер мен толықтыруларды да енгізу қарастырылып отыр.