Қазақстанда мигранттар ешқандай қысым көріп отырған жоқ және елде оларға қажетті жағдайлардың барлығы жасалған
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қазақстанда мигранттар ешқандай қысым көріп отырған жоқ және елде оларға қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.
Бұл туралы бүгін Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде саяси жүйесі тұрақты, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, ұлтаралық, конфессияаралық бірлік пен төзімділік салтанат құрып отырған Қазақстанға сырттан келушілер саны бір толастаған емес. «Еліміздегі шетелдіктердің құқықтық жағдайы халықаралық құжаттар негізінде реттеледі. Қазақстан адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жоспарына сәйкес, 2009 жылдың 31-ші желтоқсанында «ТМД елдерінің еңбек мигранттарын және олардың отбасыларын қорғау туралы» конвенцияны ратификациялап бекітті. Аталмыш құжат елге заңды түрде келген мигранттар мен олардың отбасыларын құқықтық жағынан қорғайды және оларға Қазақстан азаматтарына берілетін барлық құқықтарды беруге ықпал ете алады», деді Т.Әбішев.
Сондай-ақ оның сөзінше, қазақ халқы елде жұмыс істейтін мигранттарға төзімділікпен қарап, оларды ұлтына, дініне немесе басқа да белгілеріне қарап бөліп, жармайды. «Еліміз БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенциясын бекіткен. Бұл туралы екі рет Женевада БҰҰ-ның комитетіне есеп беріліп, халықаралық ұйым сарапшылары еліміздің бұл бағыттағы жұмыстарына оң баға берді. Тіпті нәсілдік кемсітушілікті жою туралы Қазақстанның үлгісін өзге елдерге тарату қажеттігін айтты», деді комиссия хатшысы.
Сондай-ақ ол сөзінде Қазақстанға келетін мигранттардың тек заңды түрде ғана келу қажеттігін, ал өзге елде қылмыс жасап, бой тасалап келген азаматтарға халықаралық құжаттар негізінде шара қолданылатындығын атап көрсетті.