Қазақстанда миллиардерлер қатары тағы бір адамға толықты
АСТАНА. KAZINFORM – 6 қарашада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев осындай мәлімдеме жасады.
Министр Facebook парақшасындағы жазбасында, Higgsfield компаниясының негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының паспортын табыстағанын жазған.
— Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Биылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды оқиғамен құттықтаймын.
Президент жасанды интеллектіні дамытуға және таланттарды қолдауға ерекше мән береді. Біз болашақ технологияларын жасайтын мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалаймыз, — деп жазды министр.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан болашақ технологияларын жасап жүрген адамдардың өз жоспарларын елімізбен байланыстырып, осында өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік тапқанын қалайды.
— Сіздердің табыстарыңыз — жастарымыз үшін жарқын үлгі. Бұл Қазақстанда еңбек ете отырып, әлемдік деңгейдегі технологиялар жасауға, жетекші компаниялармен бәсекеге түсіп, халықаралық нарықтарды бағындыруға болатынын көрсетеді.
Алекс, Қазақстанға сенім білдіріп, еліміздің азаматы болуды таңдағаныңыз үшін рақмет. Бірлесе таланттарды қолдап, жаңа өнімдер жасап, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтамыз деп сенемін. Қазақстан азаматтығын алуыңызбен құттықтаймын, Алекс, — деді Жаслан Мәдиев.
Айта кетелік Президент Higgsfield AI және MA7 Ventures өкілдерімен жасанды интеллектіні дамыту мәселесін талқылаған еді.