Қазақстанда мыңнан астам шетел азаматы жазасын өтеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір еліміздегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан шетелдіктердің көбі ТМД елдерінің азаматтары. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті.

Ғалымжан Қойгелдиев
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Марат Қожаев қазір елімізде жазасын өтеп жатқан шетел азаматтары туралы сұрады.

Өз кезегінде Ғ. Қойгелдиев Қазақстанның түзеу мекемелерінде 1085 шетел азаматы жазасын өтеп жатқанын айтты.

«Оның басым бөлігі ТМД елдерінен келгендер. Соның арасында Өзбекстанның - 527 азаматы, Ресейдің – 214 азаматы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан азаматтары бар. Қазіргі кезде 1998 жылғы Мәскеу конвенциясы аясында ТМД мемлекеттерімен сотталған адамдарды беруге қатысты жұмысты атқарып жатырмыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұл тұрғыда ол былтыр депутаттардың қолдауымен Өзбекстанмен екіжақты шарт ратификацияланғанын еске салды. Жалпы, Қазақстан шетелмен осындай 24 келісімшарт бекіткен.

«Қазақстанның түзеу мекемелерінде Вьетнамның азаматтары жазасын өтеген жоқ. Сондай-ақ Қазақстан азаматтары да Вьетнамда сотталған жоқ», - деп нақтылады Ғалымжан Қойгелдиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды. 

Соңғы жаңалықтар