Қазақстанда «модельдік зауыттар» құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Цифрлы дәуірге бейімделу бағытында «модельдік зауыттардың» құрылатынын Президент Жолдауын талқылауға арналған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда «модельдік зауыттар» құрылады

Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайту, экспортқа бағытталған өндірістік процестерді арттыру, адам әлеуетін және өмір сүру сапасын жақсартып, аймақтық және жаһандық тұрғыда ел экономикасының интеграциялануы жайлы баяндады.

Индустрияландыру жұмысын жандандыру үшін қысқа және ұзақ мерзімді жаңа тәсілдер жасалды. Тауарлардың шығарылған қоржынын одан әрі «күрделендіру» және сыртқы нарықтарға шығу ауқымын кеңейту басты басымдық болмақ. Өнеркәсіпті «цифрлық дәуірге» дайындау үшін қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, «модельдік зауыттар» құрылады. Өнеркәсіпті цифрландыру біздің кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі құраушыларының бірі болады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға кешенді қаржылық және жалпылай қолдау көрсету ісі нығаяды. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 500 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетсек, кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә. Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өткен болатын.