Қазақстанда монополияға қарсы комплеанс институты енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде монополияға қарсы комплеанс институтын енгізу көзделеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне монополияға қарсы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстарған Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов мәлім етті.

Қазақстанда монополияға қарсы комплеанс институты енгізілмек

Вице-министрдің айтуынша, монополияға қарсы комплаенс осы саланы реттеудегі маңызды құралдардың бірі болып табылады. Бұл құрал әлемнің көптеген жетекші мемлекеттерінде қолданылып келеді. Сонымен қатар, аталмыш институт монополияға қарсы органға нарық субъектілеріне ортақ қағидаттар мен сауда нарығындағы қалыптасқан ережелерді ұстану туралы ұсыныс жасау құқығын береді.

«Бұны іскерлік этика кодексі, бизнес-практика деп те атауға болады. Жалпы мұндай институттың енгізілуі Еуропалық Одақ елдеріндегі секілді келісімшарттарға қол жеткізу үшін үлгіге айналады. Бұдан бөлек, монополияға қарсы комплеансты қабылдаған нарық субъектілеріне этикалық қағидаттарға сәйкес бизнесті жүргізу мүмкіндігін береді. Осының өзі бизнестің беделіне зиян келтіретін жағдайлардың алдын алады», - деді А.Әріпханов.

Еске сала кетсек, монополияға қарсы комплаенс (Монополияға қарсы заңнама бұзылуының алдын алуға бағытталған ішкі жүйе) шаруашылық етуші субъектінің жергілікті нормативтік актілерінде қарастырылған, олардың монополияға қарсы заңнаманы сақтауын қамтамасыз етуін қарастыратын құқықтық, ұйымдастырушылық және басқа да шаралар жиынтығы болып табылады.