Қазақстанда монша мен СПА орталықтарында қызмет құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан қалаларында қоғамдық монша мен SPA-салондардың қызмет көрсету бағасы әртүрлі. Кей жерде ыстық бу мен сыпыртқы құны мың теңге төңірегінде болса, елордадағы SPA орталықтары өз бағдарламасына 120 мың теңге де сұрайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Монша мен SPA-салондардың бағасын салыстырған кезде облыстар арасында да, демалыс түріне қарай да баға айырмашылығы бар екенін көруге болады. Еліміз бойынша Түркістан қаласында қоғамдық моншаға кіру құны арзан. Мұнда 700 — 2 500 теңге беріп, ыстық буда отыруға болады. Ал ең қымбаты Павлодар қаласында. Мұнда кейбір монша қызметінің бағасы 25 000 теңгеге дейін жетеді.
Қазақстан моншаға кіру ақысы орта есеппен 1 500 — 6 000 теңге аралығында. Ірі қалаларда баға жоғары. Мәселен Астана қаласында моншаға түсу құны 3 000 — 10 000 теңге, ал Қарағандыда 4 000 — 6 000, Алматыда 1 000 — 3 000 теңге аралығында.
SPA-салондарының қызмет ақысы мүлде бөлек. Мұнда баға 9 000 теңгеден басталып, тіпті кешенді бағдарламасы 120 000 теңгеге дейін жетеді. Ең қымбаты Астана қаласында. Мұндағы баға — 30 000 — 120 000 теңге аралығында. Сонымен бірге Алматыдағы баға — 20 000 — 100 000 теңге аралығында. Шымкентте SPA қызметінің құны 31 000 — 55 000 теңге аралығында, ал Атырау мен Көкшетауда 85 мың теңгеге дейін жетеді. Орал мен Ақтөбе қалаларында SPA-салондарындағы бағдарлама құны 10 000 — 20 000 мың теңге аралығында.
SPA-салондарындағы бағдарламада адамды тыныштандырып, апта ішіндегі қарбаласты ұмыттыратын классикалық массаж да бар. Шығыс үлгісіндегі бағдарламаны таңдасаңыз денені ысып береді, хош иісті май жағып, орап, шай ұсынады. Сонымен бірге бетке, басқа, аяқ-қолға массаж жасайды. Кейбір орталықтарда өз SPA бағдарламасы бар. Олар тұз, түрлі шөп пен эфир майын қолданып, табиғи жолмен адам тәніне рахат сыйлайды.
Бағаға тек қызмет көрсету түрі емес, салонның қай маңда орналасқаны да әсер етеді. Егер мегаполистің орталығында, туристер көп жүретін жерде орналасса жалға алу орнына, шеберлердің кәсібилігіне және зал ішіндегі жабдықтарға қарай баға жоғары болады.

Қазір Түркістан мен Таразда қызмет көрсету құны төмен болса, Алматы мен Астанада баға жоғары. Бір сөзбен айтқанда Қазақстанның кез келген қаласынан жан мен тән тыныштығын үшін жайлы SPA орталықтарын табуға болады. Мұнда хош иісті шай ішіп, шығыс әуендерін тыңдап, массаж жасатып аласыз. Бұған дейін Қазақстандағы дөңгелек ауыстыру қызметінің құны, қалалардағы жылу бағасы туралы жазылды.