Қазақстанда мүгедектер мен ардагерлер «люкс» автокөлiктерiне салықтық жеңiлдiктер ала алмайтын болады

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi жаңа заң жобасында халықтың кейбiр топтарына "люкс" автокөлiктерiне салықтық жеңiлдiктер қарастыратын бапты алып тастамақ.

Қазақстанда мүгедектер мен ардагерлер «люкс» автокөлiктерiне салықтық жеңiлдiктер ала алмайтын болады
Бұл туралы бүгiн министрлiктiң Салық және бюджеттiк саясат департаментiнiң бастығы Мәди Такиев мәлiм еттi. "Мүгедектер, Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлерi, сонымен қатар жеңiлдiкке ие өзге де топтар көлiгiнiң қозғалтқышы 4 текше сантиметрден аспайтын жағдайда бұл жеңiлдiктерге ие бола алады. Әңгiме 4 текше сантиметрден асатын, яғни "люкс" санатты көлiктердiң салығына қатысты болып отыр", - деп атап көрсеттi департамент басшысы. Оның айтуынша, қазiргi таңда елде жоғары санатты автокөлiктердi жеңiлдiкке ие адамдардың атына жазып қою үрдiсi кеңiнен дамыған. Бiр зейнетақыға өмiр сүрiп отырған зейнеткер аса қымбат көлiкке ие болып отырғаны ақылға қонбайды. "Мысалы, Алматыда 188 "Хаммер" көлiгiнiң 18-i Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң атында тұр. 83 "Бентли" көлiгiнiң үшеуi мүгедектерге жазылған. 827 "Лексустың" 65-i Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлерiне және мүгедектерге тиесiлi екен", - дедi М. Такиев.