Қазақстанда мүгедектігі бар жандарға біржолғы төлем беріледі: Қай өңір қанша қаржы бөлді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні аталып өтеді. Осы күнге орай еліміздің бірқатар өңірінде мәслихаттардың шешімімен мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек төлеу қарастырылған. Төлем мөлшері мен оны алушылардың санаттары өңірлерге қарай өзгереді. Kazinform агенттігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы әлеуметтік қолдау шараларына шолу жасады.

мүгедектігі бар
Фото: Kazinform/ Nano Bananа

Астана қаласында мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек олардың мүгедектік тобына қарай беріледі. Елорда мәслихатының шешіміне сәйкес, төлем мөлшері мынадай:

I топтағы адамдарға – 20 АЕК (86 500 теңге);

II топтағы адамдарға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 10 АЕК (43 250 теңге);

III топтағы адамдарға – 5 АЕК (21 625 теңге).

Әлеуметтік көмек Астанада тіркелген азаматтарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясындағы мәліметтер негізінде өтінішсіз тағайындалады. Алайда тұрғылықты жерін жақында ауыстырған азаматтар жаңа мекенжайы бойынша тіркелгенін тексеруі қажет.

Қағида бойынша, біржолғы әлеуметтік көмек күнтізбелік жылда бір рет және бір ғана негіз бойынша беріледі. Сондықтан осы жылы басқа негізбен біржолғы әлеуметтік көмек алған азаматтарға бұл күнге орай қайта төлем жасалмайды.

Ақмола облысында I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға 3 АЕК мөлшерінде, яғни 12 975 теңге біржолғы көмек қарастырылған.

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 25 қыркүйектегі жағдай бойынша, төлем 25 103 адамға берілуге тиіс. Бұл мақсатқа аудандық және қалалық бюджеттерден 325,7 млн теңге бөлінген.

Өңірдің кейбір қалалары мен аудандарында төлемдер аударылып қойған. Қалған азаматтарға қаражатты қазан айында беру жоспарланған. Алушылардың тізімі нақтылануына байланысты олардың саны өзгеруі мүмкін.

Абай облысында I және II топтағы кәмелетке толған мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК мөлшерінде, яғни 21 625 теңге төленеді.

Өңірде әлеуметтік көмекті аудару жұмыстары басталған. Төлемдерді 20 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған.

Ақтөбе облысында мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек 25 қазан – Республика күніне орай беріледі. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар адамдарға 13 АЕК, яғни 56 225 теңге, ал мүгедектігі бар балаларға – 26 АЕК, яғни 112 450 теңге төлеу көзделген.

Атырау облысында Республика күніне орай I, II және III топтағы 18 жастан асқан 22 996 мүгедектігі бар азаматқа 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем алу үшін өтініш беру қажет емес. Қаражат белгіленген тәртіппен азаматтардың есепшоттарына аударылады.

Мұндай көмек өңірде 2021 жылдан бері көрсетіліп келеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да әлеуметтік қолдау қарастырылған. Оларға биыл мамыр айында біржолғы көмек берілген.

Батыс Қазақстан облысында 25 қазан – Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі балаларға 20 мың теңгеден біржолғы төлем беру қарастырылған.

Жетісу облысында 2024 жылдан бері Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға біржолғы материалдық көмек беріледі. Үкімет қаулысына сәйкес, аудандық және қалалық мәслихаттардың шешімдері негізінде төлем мөлшері 6 АЕК, яғни 25 950 теңге болып белгіленген.

Бұл қаражат баланың ата-анасына немесе өзге де заңды өкіліне төленеді.

Қызылорда облысында Республика күніне орай барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға 3 АЕК, яғни 12 975 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай, 14 қазанда спартакиада ұйымдастыру жоспарланған. Ал 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай арнайы іс-шара өткізу көзделген.

Павлодар облысында Республика күніне орай мүгедектігі бар азаматтар мен олардың отбасыларына бірнеше санат бойынша төлем қарастырылған:

мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға – 25 АЕК, яғни 108 125 теңге;

I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 АЕК, яғни 21 625 теңге;

Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар студенттерге – 60 АЕК, яғни 259 500 теңге;

Қазақстанның колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар студенттерге – 30 АЕК, яғни 129 750 теңге.

Түркістан облысында Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға көмек беру жоспарланған. Бұл санатқа 3 182 бала кіреді.

Өңірде әлеуметтік көмекпен қатар, аудан-қалалардағы «Тең қоғам» орталықтарында арнайы және қайырымдылық іс-шараларын өткізу көзделген.

Шымкент қаласында мүгедектігі бар балаларға біржолғы әлеуметтік көмекті 25 қазан – Республика күніне орай төлеу жоспарланып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, 18 жасқа дейінгі балаларға 5 АЕК, яғни 21 625 теңгеден беріледі.

1 қыркүйектегі дерек бойынша, қалада осы санатқа жататын 8 238 бала тіркелген. Төлемге жергілікті бюджеттен 178,1 млн теңге бағыттау көзделген.

Бұдан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 720 балаға 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеден төленеді. Бұл мақсатқа 62,3 млн теңге қарастырылған.

Қалада 80 жастан асқан жалғызбасты азаматтарға да ай сайын әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта 101 зейнеткерге 2 АЕК, яғни 8 650 теңгеден төленіп отыр. Оларды қолдауға 7 млн теңге бөлінген.

Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталған 33 адамға 65 АЕК, яғни 281 125 теңгеден беру жоспарланған. Бұл төлемге 9,2 млн теңге қарастырылған.

Ұлытау облысында 18 жастан асқан I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 20 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, қаражат қолданыстағы әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес, азаматтардың банк шоттарына өтінішсіз аударылады. Төлемдерді аудару жұмыстары 15 қазанға дейін жүргізіледі.

Ал Жаңа жыл қарсаңында 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ 7-ден 18 жасқа дейінгі I, II және III топтағы мүгедектігі бар балаларға 40 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем беру қарастырылған.

Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында мүгедектерді қорғау күніне бір реттік төлем қарастырылмаған.

Бұған дейін мүгедектігі бар азаматтарға қандай төлемдер қарастырылғанын жазған едік.