Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың 60 пайыздан астамы жұмысқа қабілетті жаста - С.Жақыпова
«Бүгінгі кездесуіміздің тақырыбы біздер үшін барынша өзекті. Өздеріңізде білетіндей, Қазақстанда 600 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 64 пайыздан астамы жұмысқа қабілетті жаста. Ал жалпы мүгедектердің ішіндегі балалардың үлесі 11 пайызды құрайды»,- деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі заманғы жаңа сын-қатерлерді, жаңа технологиялар мен оңалту құрал-жабдықтарын ескере отырып, оларды әлеуметтік бейімдеуге кеңінен тарту бағытындағы тиімді шаралар қабылдау қажет.
«2005 жылы Қазақстан мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы жеке заң қабылдап, әлеуметтік өмірге кеңінен тартуға, орын алып отырған кедергілерді жоюға бағытталған әдістерді жаңғыртуды қолға алды. Бұл заңды жүзеге асыру үшін 2005-2008 жылдар кезеңіне арналған мүгедектерді оңалту бағдарламасы қабылданды», - деді ол.
С.Жақыпованың айтуынша, аталған бағдарламаның нәтижесінде еліміздегі қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің негізі қаланып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. 2008-2015 жылдары аралығында мүгедектер құқығы туралы конвенцияны ратификацилау шарттарын қалыптастыру үшін көптеген жұмыстар жүргізілді.