Қазақстанда мұнай қоры қашан сарқылуы мүмкін
ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Қазақстандағы мұнай қоры неше жылға жететінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қор екі санатқа бөлінеді. Геологиялық тұрғыдан алынатын көлем бойынша 15,5 миллиард тоннасы бар, сондай-ақ нақты өндірілетін 4,4 миллиард тоннасы белгіленген», — деді А. Хасенов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа кен орындарының игерілуіне немесе барлаудан игеруге өтуіне байланысты еліміздегі мұнай қоры арта түседі.
«Қор көлемі өзгеріп тұратыны түсінікті. Егер математикалық тұрғыда есептесек, жылына 100 млн тонна өндірген жағдайда, 4,4 млрд тонна бізге 40-45 жылға жетеді. Бірақ 45 жылдан кейін мұның бәрі таусылады деген сөз емес. Жыл сайын жаңа кен орындары барлаудан игеру кезеңіне өткендіктен, қор толықтырылады», – деді вице-министр.
Асхат Хасенов жаңа технологиялардың дамуына байланысты Қазақстанда тереңде жатқан мұнайды игеру мүмкіндігі артатынын айтты.
«Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша жер қойнауында 76 миллиард тонна мұнай қоры болуы мүмкін. Бұл қорға қатысты тыңғылықты зерттеу жасау керек», - деп түйіндеді сөзін Асхат Хасенов.