Елімізде мұнай өңдеу қуаты жылына 39 млн тоннаға дейін артады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін жылына шамамен 39 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты.

29 маусымда әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қандай
Фото: Pexels

Оның мәліметінше, жұмыс істеп тұрған үш зауытты кеңейту нәтижесінде мұнай өңдеудің жиынтық қуаты жылына 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін артады.

– Бұған қоса, жылдық қуаты 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Осы жобаны ескергенде, елдегі мұнай өңдеу қуаты жылына шамамен 39 млн тоннаға жетеді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің айтуынша, өндірістік қуаттың айтарлықтай ұлғаюы салаға қажетті кадр санына да әсер етеді.

– Қуаттың осылай өсуі білікті жұмысшылар санының бірнеше есе артуын талап етеді, — деді Ерлан Ақкенженов.

Былтыр елдегі мұнай өндіру көлемі 99,5 млн тоннаға жеткен еді.

Әлемдік мұнай бағасы тұрақты түрде қымбаттап жатыр.