Қазақстанда мұнай саласының мамандары аса көп болып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мұнай саласының мамандары ас көп болып отыр. Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Кәсіпқор Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Елдана Сәдуақасова осылай мәлім етті.
«Қазіргі уақытта еліміздегі мұнай саласының мамандары шамадан тыс көп болып отыр. Жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерден 7,5 мың адам мұнай және газ саласының мамандығын алып шығады. Дәл осы санаттағыларға сұраныс төмен. Ал бітіріп шығатындардың шаммен 2,5 мыңы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс таба алады», - дейді Елдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, Қазақстанда 31 колледж мұнай және газ саласы бойынша мамандар даярлайды. «Біз алдағы уақытта Атыраудағы колледжде осы оқу орындарымен кездесуді жоспарлаймыз. Онда нақты сұраныстардың перспективасы туралы болжамдарды, сараптамаларды көрсетпекпіз. Осы арқылы колледждерге қандай бағыттар бойынша жұмыс жасап, қайта бағдарлануына жағдай жасамақпыз», - деді Е. Сәдуақасова.