Қазақстанда мұнайдың баррелі 20 долларға дейін төмендеген жағдайда экономиканы дамыту нұсқалары қарастырылған - Елбасы
«Қазіргі жаһандық дағдарыс бізге кенеттен келген жоқ. Мен дағдарыстың жалғасып келе жатқанын, оның жаңа толқыны болатынын бірнеше мәрте айтқан болатынмын. Осы жолы Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда», - деді Елбасы. Осы орайда, Президент индустриалық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы басталғанын, яғни шикізаттық ресурстардан тәуелсіз экономика құрылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, екіншіден, инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютаның еркін бағамға көшуіне байланысты болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанда қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервтері жинақталды. «Менің тапсырмам бойынша бұдан бұрын айтқанымдай, мұнайдың барреліне баға 30-ға және 20 долларға дейін төмендеген жағдайда іс-қимылдардың ойластырылған нұсқалары әзірленді»,- деді Н.Назарбаев.