Қазақстанда мыңға жуық мемқызметші цифрлық сауаттылықтан өтті
Агенттіктің баспасөз қызметінің келтірген мәліметіне сәйкес, бұл қадам біріншіден, көрсетілетін қызметтің ауқымы мен сапасын арттыруға, екіншіден, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Ең алдымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдерінің арқасында Агенттік пен оған қарайтын ведомстволардың қызметшілері цифрлық дағдыны үйренді. Есеп комитетінің, энергетика, ішкі істер мен қорғаныс министрлігінің, Астана қаласындағы үш ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының қызметшілері осындай дағдыны меңгеріп отыр. Қазіргі таңда мыңға жуық мемлекеттік қызметші цифрлық сауаттылықтан өтті», - деп хабарлайды Агенттіктің баспасөз қызметінен.
Хабарламаға сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметшілерге электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) берілуде.
«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің 95,2 пайызына, ал мемлекеттік органдарға қарайтын ведомстволардағы жұмысшылардың 64,8 пайызына ЭЦҚ берілген. Наурыздың аяғына қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Сонымен бірге, Агенттік мемлекеттік қызметті электронды форматта алатындай бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың жұмысшыларын оқытпақ.