Қазақстанда МЖӘ жобаларын қарау мерзімі қысқарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қарау мерзімі айтарлықтай қысқартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда МЖӘ жобаларын қарау мерзімі қысқарады

«Қазіргі уақытта заңнаманы жетілдіру аясында жұмыстар жүргізілуде және басты өзгерістердің бірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын келісу әрі сараптау мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқарту арқылы оңтайландыру көзделуде»,- деді ол.

Оның айтуынша, «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестігі туралы» заң қабылданғаннан бері әріптестіктің түрлі жобалары талқылаудан өтіп, тетіктері іске аса бастаған.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімділігін уақыт көрсетті. Енді оны іске асырудың тетігін әлі де болса жетілдіру керек. Осы орайда кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін назарға ала отырып, бірлесе жұмыс істеудің тетіктері жеңілдетілді», - деді Матаев.

Басқарма төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жетілдіруді қамтитын шаралар көзделген. Бұл заң жобасы бүгінде Мәжілісте мақұлданып, Сенат қарауына ұсынылып отыр. Заң жобасына сәйкес МЖӘ-ні жаңғырту тетіктері 9 тармақты қамтиды.