Қазақстанда МЖС жобаларын жүзеге асыру үшін ұзақ кезеңге негізделген әрі «арзан» қаржы тартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) жобаларына екінші деңгейлі банктерден қор құю үшін ұзақ кезеңді және «арзан» қаржыны тартуға ниетті. Бұл туралы «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары арқылы жеке секторға инвестиция тарту» форумында холдинг басшысы Қауындық Бишімбаев айтты.
Сонымен қатар «Бәйтерек» жобаларды мемлекеттік-жекеменшік серістестік арқылы жүзеге асыру үшін Жобаларды даярлаудың мамандандырылған қорын құруды ұсынып отыр. Бұндай қор жобаларды әзірлеу барысында бюрократтық кедергілерді еңсеруге және тәжірибелі мамандарды тартуға мүмкіндік бермек. Айта кетейік, қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы, яғни Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесе отырып, Үлкен Алматы айналма жолын (ҮААЖ) салуда кеңесші міндетін атқаруда. Белгілі болғандай, ҮААЖ-ын салу және пайдалануды концессия тетігін пайдалана отырып мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципі бойынша іске асыру жоспарлануда. Осы ақылы автомобиль жолын 4,5 жылдық кезеңде (2015-2019 жж.) салып, одан кейін 15,5 жыл бойы пайдалануы қарастырылған. ҮААЖ «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің айрықша маңызды буыны болып есептелетіні белгілі. Ұзақтығы 66 шақырым автожол 4 және 6 жолақты параметрі І техникалық санаттағы қозғалысқа арналып, цемент-бетон жамылғысымен салынады. Жоба бойынша 21 көпір, 19 жол өтпесі және 12 көлік айырығын салу қарастырылған. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, Үлкен Алматы айналма жолы жобасы алдағы жылдан бастап жүзеге асырылады. «Осы орайда біз инвесторларға ұсынылуы тиіс барлық құжаттар топтамасын даярлап, 9 желтоқсанда Лондонда Еуропалық Қайта құру және Даму банкі мен Халықаралық қаржылық корпорацияның қолдауымен әлеуетті инвесторлармен кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр аталған форумда.