Қазақстанда некеге тіркелген жұптардың 16%-ы бала сүйе алмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда басқа да маңызды тақырыптармен қатар ер-азаматтар денсаулығына байланысты мəселелер талқыланды.

Қазақстанда некеге тіркелген жұптардың 16%-ы бала сүйе алмайды

Ұлттық комиссия мүшесі, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, ҚР Конституциясының 27-бабы ана мен баланың, сонымен қатар əкенің денсаулығына кепілдік береді.

«Ана мен бала денсаулығын сақтауда біз үлкен жетістіктерге жетсек те, өкінішке қарай, ер адамның, яғни əкенің денсаулығын сақтаудағы конституциялық норма бүгінгі күнге дейін өз шешімін таба алмай келе жатыр», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, былтыр бірқатар талқылаулардан кейін алғаш рет ер адамдардың денсаулық мəселесі өз деңгейінде көтерілді. Соның нəтижесінде былтыр Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігі емханалар жанынан андрологиялық кабинеттер ашу туралы бұйрыққа қол қойды.

«Яғни, бүгінде денсаулық сақтау туралы конституциялық норманы жүзеге асыру қолға алынды. Ер адамдар арасындағы өлім-жітімнің жоғары көрсеткіші жəне басқа да мəселелер туралы біз жақсы білеміз. Сондықтан бұл өз уақытында қолға алынған шара деп ойлаймын. Енді 5-10 жылдан кейін жағдай тұрақтанады деген үміттеміз», - дейді Б.Тұтқышев.

Оның айтуынша, енді ер-азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, андролог мамандарды көптеп дайындауға кірісу қажет.

Маманның келтірген мəліметтері бойынша, Қазақстанда тіркелген жұптардың 16%-ы бала сүйе алмайды. Оның негізгі себептерінің бірі - еркектердің репродуктивтік проблемалары болып табылады.