Қазақстанда некеге тұрғандар қатары көбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде неке қию көрсеткіші өсті. Дегенмен, кейінгі он жылмен салыстырғанда әлі де төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.

Қазақстанда некеге тұрғандар қатары көбейді

«Биылғы жылдың II тоқсанында 29,3 мың неке тіркелді. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 6,1% немесе 1,7 мыңға артық. Аталған деректі Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Дегенмен, көрсеткіш неке қию оптимизміне аса әсер етпейді. Биылғы сәуір-маусым аралығындағы неке қию саны - соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 2020 жылдың II тоқсанындағы көрсеткіш тіпті аз болған (16,6 мың неке қиылды). Жағдайға пандемия әсер етті. Жалпы, 2014 жылдан елімізде неке қию көрсеткіші 20,4% немесе 7,5 мыңға қысқарды», - делінген бюро хабарламасында.

Ақпаратта айтылғандай, неке қию өсімі өңірлерде жиі байқалады.

«Неке қиюдан жылдық өсім бойынша көш басында - Алматы облысы. Екінші орында - Қарағанды облысы. Керісінше оңтүстіктегі 5 өңірде неке қию көрсеткіші азайған, оның ішінде Алматы қаласы да бар», - дейді бірінші кредиттік бюродан.