Қазақстанда нейрохирург мамандар жеткілікті
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда нейрохирург мамандар жеткілікті. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандық интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің І съезі барысында Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының дәрігер нейрохирургі Мыңжылқы Бердіқожаев айтты.
«Мұндай съездер біздің мамандардың білімін арттырып, біліктілігін бөлісуге өте үлкен жағдай жасайды. Шараға Ресейден, Қырғызстаннан және Қазақстанның бүкіл аймақтарынан білікті хирургтар келіп отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда елімізде нейрохиругия мамандарын жеткілікті деп айтуға толық негзі бар. Дегенмен интервенциялық ота жасайтын нейрохиругтар тек Астанадағы орталықта ғана жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта біздің орталықта жылына 2 мыңнан астам ота жасайды. Оның ішінде қан тамырларына жабық түрде жасалатын 200-ден астам ота бар. Жалпы, бізге келіп емделетін науқастар өте көп. Олардың барлығына Үкіметтің арқасында тегін ота жасалады. Ақылы түрде де ота жасалады, бірақ тамыр арқылы жасалатын операциялар өте қымбат болғандықтан ол тек Үкімет тарапынан квота арқылы ғана жүргізіледі», - деді ол.