Қазақстанда өкпенің сирек ауруына шалдыққан пациентке алғаш рет күрделі ота жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы дәрігерлері өкпенің сирек кездесетін ауруына шалдыққан пациентке алғаш рет өкпені толық шаю әдісін сәтті жүргізді.
Медициналық орталықтың мәліметінше, емшара өкпенің альвеолярлық протеинозы диагнозы қойылған пациентке жасалған.
Жоғары технологиялық ота эндоскопия бөлімшесінде бірсаңылаулы интубациялық түтік пен кеуде қуысына вибромассаж жасау әдісін қолдану арқылы орындалды.
Операцияны эндоскопист дәрігер Бахтияр Тұрғымбаев реанимация бөлімінің мамандарымен, торакалдық хирургтермен және пульмонологтармен бірлесіп жүргізген.
33 жастағы пациент орталыққа ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оның айқын тыныс жеткіліксіздігі болғанын айтты.
– Науқас ауруханаға түскен кезде сатурация деңгейі шамамен 80%-ды құрады, – деп мәлімдеді мамандар.
Жүргізілген емнен кейін пациенттің жағдайында оң өзгерістер байқалған.
Атап айтқанда, сатурация деңгейі 95-97%-ға дейін көтеріліп, тыныс алу қызметі мен жалпы жағдайы едәуір жақсарған.
Дәрігерлер бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі өкпені кезең-кезеңімен сегментарлық шаю мен кеуде қуысына вибромассажды қатар қолдануда болғанын атап өтті. Бұл әдіс альвеолаларда жиналған ақуызды-липидті массаларды тиімді шығаруға мүмкіндік берген.
Өкпенің альвеолярлық протеинозы – өте сирек кездесетін дерт. Ол шамамен 2 миллион адамның тек 1-2-еуінде ғана кездеседі.
Мамандардың айтуынша, өкпені толық шаю қазіргі уақытта осы патологияны емдеудің негізгі әрі ең тиімді тәсілі саналады.
Айта кетейік, енді ПІБ ауруханасында күрделі операциялар үлкен тіліксіз жасалады.